Адам өліміне әкелетін диета жайлы не білеміз?

18.09.2018

 

Халық арасында ем-дәм аталып кеткен диетаның қазір түр-түрі бар. Оны денсаулықты қалпына келтіруден бастап, дене бітімді сымбатты сақтауға дейін қолданады. Мәселен, тек лимон мен су ғана ішу, 1 апта тек күрішпен қоректену сынды әдістер толып жатыр. Солардың ішіндегі ең жаға ұстатарлығы – тамақтан бас тартып, тек ауадан ғана нәр алу. Қызық, иә? Олай болса, аталмыш диетаның тереңіне бойлап көрейік.

Мұны ұстанушылар адам тек ауамен ғана қоректеніп, өмір сүре алатындығын айтады. Бұл ежелгі үнді халқының ділінде бар нәрсе. Олардың ойынша, адам ауамен қоректенгенде ол өмірден қуат алады. Ал, тамақ – артық зат. Алайда, планета тұрғындары қорексіз бірнеше апта ғана шыдасыз, су ішпей санаулы күн ғана жүреді.

 

1990 жылы бұл бастаманы Аустралиялық Эллен Греве есімді азаматша «Джасмухин» деген лақап атпен жалғастырады. Оның бастамалары бірнеше адамның өліміне әкеп соқты. Соның бірі 49 жасарлық Верити Линн есімді Шотландиялық азаматшаның өлімі. Оның денесін шатырдан тауып алған. Ал, қасында Джасмухиннің тұжырымдамасы толық жазылған күнделік жатқан.

1999 жылы «60 минут» бағдарламасының жүргізушілері Джасмухиннің қабілетін тексеріп көрмекші болады. Алайда, екінші күні оның жағдайы күрт нашарлап кетті. Ол бұған ауаның таза еместігін себеп етті. Кейін шығармашылық топ оны табиғатқа шығарды. Соған қарамастан, оның денсаулығы жақсарған жоқ. Оның жай-күйін тексерген дәрігер Джасмухиннің қалы нашарлаған жағдайда оған шығармашылық топтың кінәлі болатынын айтты. Сондықтан, жобаны тоқтатуға тура келді.  

 

Бірақ сәтті мысалдар да келтіруге болады. Мәселен, үндістандық садху Прахлад Джани 1940 жылдан бастап ас-судан бас тартқан. 2003 жылы оны Стерлинг емханасында тексеруден өткізеді. Нәтижесінде Джанидің шынымен де тамақ пен су ішпенгендігіне көздерін жеткізеді.

15 күннен кейін оны қайта тексеруден өткізсе де, мемлекеттік қызметшілер сенімді болмаған. Олардың ойынша, бір жұтым су ішіп, тамақтан ауыз тиюге бірнеше секунд қана кетеді. Джани осылайша бар жүйені алдап жүр...

 

Ал Сіз қалай ойлайсыз, қымбатты оқырман, ас-су ішпей өмір сүру мүмкін бе?

Назира Қасымбек
  •  4715