Күзді сүюдің кереметі неде?

08.09.2018

 

Сынаптай жылжыған уақыт бізді байқатпай күзге де жеткізді. Жаңа маусым көктемнің шуақты күні мен жаздың самал желін қоңыр салқын мен жаңбырлы кезеңге алмастырды. Әдетте, күз дегенде ойға оралатыны бірінші осылар емес пе? Алайда алтын күздің тек өзіне ғана тән әсемдігі мен ғажабы барын да ұмытпағанымыз жөн сияқты. Күзді көктемдей сүюдің себептері жетерлік. Олай болса, соларды саралап көрейік.

 

Ми қайнатар ыстық жоқ

 

Биыл Қазақстанның көп бөлігінде аномальды ыстық ауа-райы тіркелді. Көп өңірлерде соған байланысты өрт қауіпі де жоғарылады. Аптап ыстықтан қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түскендердің де саны артты. Ал күзде салқын ауа-райы жанға дауа болады. Қара суық өңменіңізден өтсе де, сарыға боялған әсем картина жаныңызды жылытары анық.

Спортпен айналысуға қолайлы маусым

 

Негізінде спортпен айналысам деген адамға ауа-райы, жыл маусымы, тәулік уақыты маңызды емес. Десе де, бұл мезгілде таңертең және кешке салқын болғандықтан, жүгіруге, жаяу серуендеуге қолайлы. Сонымен қатар, көшедегі тренажерларда шынықсаңыз да болады.

 

Оқу маусымы

 

Кейбірі үшін бұл әрине қуанатындай жаңалық емес шығар? Дегенмен де, біреу үшін бұл мезгіл алғаш рет оқушы атанып немесе жаңадан студенттер қатарын толықтыратын кезең. Сондықтан, кітап-қаламмен қауышып, білімнің тереңіне бойлау – кез-келгенге қуаныш сыйлары анық.

 

Жиын-терін науқаны

Күз – көктемде сепкеніңді жинайтын мезгіл. Қамбаның астыққа, дәнді-дақылдарға толатын кезі. Жеміс пен көкөністер де пісіп, дүкен сөрелерінде сандары артып, арзан бағада сатылады. Осыған байланысты жыл сайын әр өңірде сенбі-жексенбі күндері тұрақты түрде жәрмеңке ұйымдастырылады.

 

Жапырақтар...Сап-сары жапырақтар

Күн сайын әркімнің табанына тапталып жатса да, бұл жаратылыс ерекше. Күздің сәнін кіргізіп тұрған да осы. Ағаштан құлдилап түсуінің өзі әсем көрініс. Жерді жапқан сары жапырақтармен фотосессия ұйымдастырсаңыз, тіптен жақсы.

 

Күз керемет болмаса, ақындардың қаламынан небір жыр шумақтары төгілер ме еді? Ұлы композиторлар сіздер мен біздер шырқайтын әуезді әндерді жаза алар ма еді..?


 

Сап-сары жапырақтар...
Сал-сары жапырақтар...
Саудырап құлап жатыр атырапқа.
Біреудің жанарында,
Біреудің табанында,
Сап-сары жапырақтар жоғалуда.
Қаусаған қаңқасы тұр ағаштардың,
Жасыл бақ тоналуда, тоналуда.
Естілмей құстың әні,
Естілмей құстың үні,
Жалғанның кетті сәні, ұшты; гүлі.
Сырғасынан айрылған ақ қайыңның,
Басына бар ғаламның түсті мұңы.
Сап-сары жапырақтар,
Сап-сары жапырақтар,
Саудырап құлап жатыр атырапқа.

                                  (М.Мақатев)

 

***

Сары түсті сағыныштан Күз моншақ,

Тағып алып тағы келді бізді аңсап. ...

Көздеріңді тұрды менен жасырып,

Кірпіктерің қызғаншақ.

Сұр қалаға сыр айтады сыңсып Күз,

Ал, екеуміз күзде ашылған бүршікпіз.

Кірпіктерің күні-түні күзеткен,

Көзіңдегі сезім бе еді кіршіксіз?!

Сезім екен сақтағаны сол көздің,

Киялға еріп бір әлемді мен кездім.

Күннің әлсіз сәулесіне жылынып,

Көз ішінде керіледі кербез – мұң.

Жасыл бақтың жапырағын ұрлап Күз,

Жатыр әне.

Сірә біздер тым жатпыз?

Көше бойлап келе жаттық сырласып,

Үнсіздіктің үн таспасын тыңдап біз.

Еміс-еміс қос жүректің дүрсілі,

Естіледі, бұл – махаббат тылсымы.

Өзің жайлы ойларымды ұрлайды,

Күзгі жаңбыр. Тамшылардың тырсылы.

                                           (Қ.Сарин)

 

***

Ерке өзендер жатпайды тасып ағып,

таулар да тұр жамылып басына бұлт,

ақ қайыңдар жылайды жапырағын

байқаусыз шашып алып.

Аспан да жас төгеді ашынғаннан,

жасыл көркін жаздағы жасырған маң.

Бозаң дала жатады томсырайып

баладай ашуланған.

Бау-бақшаны тұратын жеміс тұнып,

жинап қойды адамдар келістіріп.

Тарсылдатып үйлердің терезесін

жүреді жел ысқырып.

Көк аспан да жойыпты от тынысын,

қоңыр бұлттар жөңкілген соқтығысып,

балалар жүр кірбіңсіз көңілменен

шапқылап доп қуысып.
                        (Ф.Оңғарсынова)

 

 Ал сіз күзді несімен ұнатасыз, қымбатты оқырман?

Назира Қасымбек
  •  5596