Мейрамханадағы қулықтар. Неге біз әдеттен тыс көп төлейміз?

12.06.2018

 

Кез-келген бизнестің басты мақсаты – неғұрлым көп ақша табу. Бұл тек дүкендерге емес, сонымен қатар, дәмханалар мен мейрамханаларға да қатысы бар дүние. Келушілер тамаққа көп ақша төлеу үшін тамақтану орындарының қожайындары қандай қулықтарға барады?

 

Жанға жайлы орын

Көптің көзінше тамақтанғанды ұнатпайсыз ба? Онда сізге мейрамхана әкімшілігі жұрттың көзіне түсе қоймайтын тасадағы бір жайлы орынды ұсынары сөзсіз. Мұндай орындар келушілерді даяшыдан басқа ешкім мазаламайтындай жерде орналасады.

Егер сізді ешкім көрмейтін болса, онда тамаққа көп тапсырыс беретіндігіңізді ғылыми зерттеулер дәлелдеді. Оның үстіне, «бұрыштағы» орындар меймандардың дәмханада көп уақыт өткізуі үшін арналады. Мәселен, фастфуд сататын жерлерде көбінесе ортақ үстелшелер мен жайсыз орындықтар қойылады. Бұл келушілердің тезірек тамақтанып, сәйкесінше тезірек ақша төлеулері үшін жасалған әдіс.

Тосын сыймен бірге берілетін есеп парағы

Ішіп-жеген тағамыңыздың есебі келгенде, чекпен бірге шоколадты көру көңілге ерекше қуаныш сыйлайтыны рас. Шындығында бұл сіздің шай-пұлға көп ақша қалдыруыңыз үшін жасалған айла-тәсілдердің бірі. Тіпті, кейде дәмханаға бас сұққаныңыз үшін алғыс хат та жазып, салып қояды. Бұл да аталмыш әдістердің бір түрі.

 

Қымбат тамақтар мәзірдің бірінші бетіне жазылады

Жоғары деңгейде жасалған мәзір клиенттерді гипноздаудың бір тәсілі. Ондағы қымбат тамақтар да, сөз жоқ жарқыраған суреттерімен көзге көрінер тұстарға орналастырылады.

Газет-журнал редакциялары да тура осы тәсілді қолданады. Оқырман алдымен ең маңызды жаңалықты оқу керек. Сол себепті, тапсырыс берерде асығыстық жасаудың қажеті жоқ. Бұл сіздің қаражатыңыздың біршама үнемделуіне сеп болады.

Тәбетті ашар жұпар иіс

Жарнама мамандары адамдардың иіске өте қатты сезімтал келетіндігін айтады. Сол себепті, мейрамханалар мен наубайханалар тәбетті ашар жұпар иістерді көп қолданады.

 

Мінеки, маркетологтар біз біле бермейтін осындай қулықтарға көп барады. Алайда, олардың бұл әдістері қарқынды жұмыс істейді. Ал, сіз олардың құрығына қаншалықты көп ілігесіз?

  •  2660